Мазмұнға өту

«Астана Опера» труппасы Кремльде өнер көрсетеді

«Астана Опера» балет труппасы гастрольдік сапармен Мәскеуге аттанады. Өнер көрсету 29 қазанда Ресейдің ең танымал әрі беделді театрлық-концерттік алаңдарының бірі Кремль сарайының сахнасында өтеді. Ресей астанасы көрермендерінің назарына Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті ұсынылады.

Гастрольдік бағдарлама үшін дәл осы спектакльдің таңдап алынуы кездейсоқ емес: 2022 жылы музыка әлемі көрнекті хореограф Ростислав Захаровтың туғанына 115 жыл толуын кеңінен мерекелеуде. Оның «Бақшасарай бұрқағы» – драмалық балеттің үздік нұсқаларының бірі, оған А.Пушкиннің аттас поэмасы әдеби негіз болған. Оның еңбегі орасан, сондай-ақ оның бұрынғы одақтық республикалардың ұлттық хореографиялық өнерін қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесі зор. Сонымен, оның Қазақстандағы шығармашылық жұмысы Қазақ КСР Халық әртісі жоғары атағы берілуімен атап өтілді. Бұл марапаттың артында өзінің бұрынғы шәкірті Дәурен Әбіровпен бірге Абай атындағы МАОБТ сахнасында «Бақшасарай бұрқағы» және Н.Тілендиевтің «Достық жолымен» балеттерінің қойылымы, Мәскеудегі қазақ өнері он күндігінің қорытынды концертіне дайындық, «Алтын масақ» хореографиялық композициясы және тағы басқалары тұр.

– Кремль сарайының тамаша сахнасында өнер көрсететінімізге қуаныштымыз. 2019 жылы труппа мұнда Андрис Лиепаның қойылымында Михаил Фокиннің «Шехеразада» балетін орындаған болатын. Осы жолғы сапарда әртістер сахнаға дайындықсыз шыққалы отыр, сондықтан біздің қобалжып отырғанымыз сөзсіз. Мәскеулік талғампаз жұртшылық драмалық балет жауһары – «Бақшасарай бұрқағымен» жақсы таныс, алайда біз оны мүлде басқа дайындықта ұсынамыз, – деді Ресейдің Халық әртісі, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Көрермендер аудиториясының әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова «Астана Опера» әртістерінің жаңа буынына өте ұқыптап бере білген балеттің түпнұсқасын көруге мүмкіндіктері бар. Айта кетейік, ол өзі де Зарема партиясында үздік театр сахналарында жарқыраған, оның ұмытылмас өнер көрсетуі эталондық саналады және заманымыздың жас балериналарына үлгі болып табылады. Сыншылардың айтуынша, А.Асылмұратова – соңғы 30 жылдағы үздік Зарема.

Гирей ханның рөлінде Тұрлыхан Тойған сахнаға шықса, нәзік Марияның партиясын Мәдина Басбаева орындайды, құштар Зареманы Анастасия Заклинская таныстырады, Вацлав – Данияр Жұматаев, Нұрали – Қуат Кәрібаев.

Ресейлік театрсүйер қауым әртістердің орындаушылық шеберліктеріне ғана емес, сондай-ақ көрнекті италиялық сценограф Эцио Фриджерионың құдіретті дарынына, «Оскар» сыйлығының иегері, костюмдер бойынша суретші Франка Скуарчапиноның нәзік талғамына, жарық және проекциялар бойынша суретшілер Виничо Кели мен Серджио Металли епті қолдана білген жаңа технологияларға баға бере алады. Поляк князі Потоцкий қамалы мен хан Гирейдің Бақшасарайының салтанаты ешкімді бейжай қалдырмайды. Оның үстіне бұл жай кенепте салынған сурет немесе «жұмсақ декорация» емес, бұл ойып жасалған тақтаймен әсемделген кәдімгі бағаналар, қабырғалар мен күмбездер.

Айта кету керек, биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы атап өтілуде. «Астана Операның» Кремль сарайы сахнасындағы гастролі – бұл екі елдің көптеген он жылдықтар бойы табысты дамып келе жатқан мәдениетаралық диалогы. 

Published in Жаңалықтар