Мазмұнға өту

«Астана Опера» таңғалдыратын дүкендер ашады

Жуырда «Астана Операда», елордалық әуежай мен «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында арт-дүкендер ашылады, онда театрдың символикасы бар кәдесый, киім-кешек, сондай-ақ басқа да тауарларды сатып алуға болады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылып жатқан жоба нәтижесінде опера және балет өнерінің әрбір жанкүйері «Астана Операның» бір бөлігін өзімен әкете алады.

– Имидждік өнім сататын сауда нүктелерін ашу – мәдени қауымдастық қалыптастыру, классикалық театр өнері саласына көрермендер аудиториясының қызығушылығын арттыру бойынша іс-шаралар қатарында тұратын бастама, – деді «Астана Опера» директорының орынбасары Айжан Құрманғалиева. – Театрдың ұстанатын саясаты мынадай, яғни қонақтарымыздың пікірін ести отыра, біз оларға жауап қайтаруға тырысамыз. Кері байланыстың біз үшін маңызы зор, ол өнерсүйер қауыммен мүддеміздің бір болуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз көпшілікке жақындай түсуге ықпал ететін «Достар клубы» жобасын жүзеге асырудамыз, шымылдықтың ар жағына саяхат ұйымдастырып, көрермендерге өзара қарым-қатынасымызды жетілдіру жайлы ойларымен бөлісуді ұсынамыз. Елорда әкімдігінің қолдауымен ашылатын арт-дүкендер ұлы өнер табынушыларына театрға бір табан жақындауға, оның қайталанбас рухын сезінуге көмектеседі, сондай-ақ әдемі көркем талғамды көрсететін мағынасы бар сыйлықтарға ие болуға керемет мүмкіндік береді.

Театрлық дүкендер құру идеясы бұдан бұрын пайда болған еді, өйткені өнерді бағалайтын жандардың театрға деген қызығушылығы тек спектакльдерге келумен ғана шектелмейді. Жағымды естеліктерді оятатын, өмірдегі ең жақсы сәттерді еске салатын заттарды күнделікті өмірде қолдану мүмкіндігі зор мәнге ие. Сондықтан елорда тұрғындары мен қала қонақтары – «Астана Опера» жанкүйерлері театр эмблемасы бар киім-кешек, кеңсе тауарлары, кәдесый өнімдеріне ие болғылары келеді.

Театрдың маркетинг департаментінің мамандары тауарлар ассортименті үлкен екенін және ол ұдайы жаңартылып отыратынын атап өтті. «Астана Опера» ғимараты мен халықаралық аспан айлағының «сауда аралдарындағы» және елорданың ірі сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі арт-дүкенде Нұр-Сұлтан қаласы мен «Астана Опера» эмблемалары стильді салынған әрі бедерленген спорттық костюм, бас киім, футболка, шоппер-сөмке, орамал, блокнот, қалам, саптыаяқ, органайзерлер мен басқа да көптеген тауарларды сатып алуға болады.

Published in Жаңалықтар