Мазмұнға өту

«Астана Опера» Петропавлдың ашық аспаны астында

«Астана Опера» солистері мен симфониялық оркестр музыканттары Петропавлда «Qyzyljar music fest» бірінші халықаралық фестивалін тамаша аяқтады. Елордалық театр Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынды, сондай-ақ әлемдік опера репертуарынан атақты шығармалармен ашық аспан астында өнер көрсетті. Дирижер және идея авторы – фестивальдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин.

– «Астана Опера» әртістерінің фестивальге қатысудағы басты міндеттерінің бірі еліміздің опера театрына баратын мүмкіндігі жоқ тұрғындары арасында опера өнерін насихаттау болды. Басқа қырынан алып қарасақ, бұл театрды және оның дарынды әртістерін алға бастыру болып табылады. Бұл оғаш көрінуі мүмкін, бірақ «Астана Операны» өз ішімізден гөрі, шетелде жақсы таниды. Сондықтан ұзақ пандемиядан кейін өткізілген бірінші музыкалық фестивальге біздің театрды қатыстыру идеясы туды, – деп атап өтті маэстро Абзал Мұхитдин.

Оpen-air форматында ұйымдастырылған және заманауи қазақстандық мәдениеттің түрлі бағыттарына назар аудартуды көздеген «Qyzyljar music fest» еліміздің солтүстік қаласында жеті күн бойы өтті. Петропавл тұрғындары мен қонақтары халық және заманауи хореография, фольклорлық, танымал музыка, джаз, рок және, әлбетте, классика секілді түрлі жанрларды таныстыратын әртістердің өнер көрсетулерін тамашалай алды.

«Астана Опера» өкілдері фестивальдің соңғы екі күнінде өнер көрсетіп, зор қошеметке ие болды.

– Біз «Жібек саты» операсын ұсындық және фестивальдің жабылуында гала-концертпен өнер көрсеттік. Бұл жауапты, сонымен бірге мәртебелі іс. Гала-концертте қазақ және шетел композиторларының операларынан дуэттер мен ариялар, сондай-ақ танымал классикалық музыка шырқалды. Солистердің арасында Менхенгладбах театрынан біздің жерлесіміз Қайыржан Жолдыбаев, «Астана Опера» мен Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының солистері болды, – деп атап өтті маэстро.

Айта кету керек, ауа райына байланысты Н.Погодин атындағы орыс драма театрының сахнасына ауыстырылған Дж.Россинидің «Жібек саты» операсының көрсетілімі фестивальдің ең жарқын оқиғаларының бірі болды. Бұл спектакль – «Астана Операның» төл белгісі, онымен опера труппасы Қазақстанның көптеген қалаларында болды, және фестиваль аясында алғаш рет Петропавлда жарқырады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Әсем Сембина, Артур Габдиев, Евгений Чайников, Салтанат Мұратбекова, Руслан Советтің керемет орындауы көпшілікті баурап алды. Сондай-ақ театр солистері ең танымал опера шығармалары: «Хабанера», Хозенің ариясы, Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильоның шумақтарын, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Баркароланы, Луиджи Денцаның «Funiculi-Funicula» әнін және тағы басқа шығармаларды орындап, өз дауыстарымен фестивальдің ақырғы күнінің сәнін келтірді.

 Бұл күндері фестиваль алаңында болған көптеген көрермендер үшін опера музыкасы нағыз жаңалық болды десек, асыра айтпаған болар едік.

– Өкінішке қарай, қазір классикалық музыканы тыңдайтын адамдар, әсіресе жастар көп емес, ал опера мүлде тылсым, ақылға сыймайтын, түсініксіз дүние болып қала беруде. «Астана Опера» әртістері мен оркестрінің бүгінгі өнер көрсетуі ұлы өнер әлемінің шымылдығын ашты, – деп пікірімен бөлісті қорытынды гала-концертте болған Петропавл тұрғыны Елена Колюжная. – Елітіп әкететін осынау музыка жасырынған эмоцияларды оятады, таңданыстан көзге жас үйіріледі. Дарынды музыканттар мен солистерге біздің қаламызға келгендері үшін үлкен рақметімді айтамын, біз жанды тербейтін және бір мезгілде қуанышқа бөлейтін өнермен рақаттана алдық. 

Published in Жаңалықтар