Мазмұнға өту

«Астана Опера» Минскіде ең сұранысқа ие спектакльдердің бірін ұсынады

«Астана Опера» тағы да гастрольге аттанады! Бұл жолы театрдың опера труппасы XII Минск халықаралық Рождестволық опера форумы аясында Беларусь ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрының сахнасында Джоаккино Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынады. Елордалық театрдың спектаклі 17 желтоқсанда өтіп, «Астана Операның» осы жылғы халықаралық турын түйіндейді. 

– Біз атақты шығармашылық ұжымдардың барлығымен, оның ішінде Беларусь Республикасының Үлкен театрымен достық қарым-қатынастамыз. Осы күзде ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, соның аясында алмасқан гастрольдеріміз белсенді түрде өтуде. Мәселен, Беларусь Үлкен театрының жұлдыздары «Астана Операда» өтіп жатқан «Жібек жолы» халықаралық фестиваліне қатысуда. Әртістер «Дон Кихот» спектаклінде керемет өнер көрсетті, енді міне, жуырда беларусьтік опера солистері П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» спектаклінде басты партияларды орындау үшін сахнаға шығады, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Біз өз кезегімізде XII Минск халықаралық Рождестволық опера форумына қатысуға шақырту алғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің әртістер беларусьтік көрермендердің назарына Дж.Россинидің «Жібек саты» операсын ұсынып, оларға тамаша көңіл күй сыйлайтын болады. Екі театр арасындағы шығармашылық байланыс одан сайын нығая түседі деген сенімдемін.

Бұл маусым қос театр үшін де мерейтойлық саналатынын айта кеткеніміз жөн. Қыркүйекте «Астана Опера» оныншы маусымын ашса, Беларусь Үлкен театры өзінің тоқсан жылдық жылнамасын жазуда. Алайда екі ұжымды да ұлы өнерге деген махаббат және шығармашылыққа тереңнен толысуға деген ұмтылыс біріктіреді. 

Айта кету керек, қарашаның басында көптеген халықаралық вокал байқауларының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» примасы Салтанат Ахметова Беларусь Үлкен опера және балет театрының сахнасында В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсында Түн патшайымының партиясын орындаған болатын. Енді міне, араға бір ай салып опера жұлдызы өз әріптестерімен бірге Минск сахнасында Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклінде өнер көрсетеді. Әртістер бұл мүмкіндікті тағатсыздана күтуде, себебі онда олардың «Жібек жолы» фестивалінің нәтижесінде жақын достарға айналған беларусьтік әріптестері еңбек етеді. 

Сонымен, операдағы Джулияның басты партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай жарқыраса, Дорвильді Артур Габдиев, Әлихан Зейнолла орындайды, Джерманоның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Алтынбек Әбілдә сомдайды, Лючилла – Салтанат Мұратбекова, Малика Минизини, Блансак – Ержан Саипов, Евгений Чайников, Дормонт – Руслан Совет. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин. 

Бұл спектакль «Астана Операда» алғаш рет 2019 жылы қойылып, «Piccolo театры» керемет жобасын ашты. Сол жылдың қазан айында труппа осы операмен Санкт-Петерборға гастрольдеп келді, ал биыл «Жібек саты» Қазақстанның бес қаласында аншлагпен өтті. Спектакль қоюшысы Алла Симонишвилидің (Италия) әу бастағы мақсаты сахнада әзілді көрсету, көрермендерге қуаныш пен шаттықты жеткізу болатын. Италиялық сценограф Манана Гунианың жарқын костюмдері қоюшы режиссердің ойымен керемет үйлесім тапқанын айта кетуіміз керек, ал әртістердің шеберлігі мен актерлік өнертапқыштығы опера табынушылары тарапынан сан мәрте атап өтілді! 

Published in Жаңалықтар