Мазмұнға өту

«Астана Опера», мерейтойыңмен!

«Астана Опера» театрының Х мерейтойлық маусымы 9 қыркүйекте басталады, әлемдік сахнаның примадоннасы, «Грэмми» сыйлығының иегері Суми Чо және қазақстандық опера жұлдыздарының қатысуымен «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен көрермендер назарына Гала-опера ұсынылады. 

Бүгінгі таңда Суми Чо әлемдегі ең танымал әншілердің қатарында. Бірнеше ондаған жылдар бойы оның есімі ең үздік опера театрлары мен концерт залдарының афишаларының көркін ашуда. Оңтүстік Кореяда Суми Чоның дарыны мемлекеттік наградалармен марапатталған, оған «ұлттық игілік» құрметті мәртебесі берілген. Ол көрермендерді таңғажайып сәнді киімдерімен таңғалдырады, эксперимент жасағанды: репертуарын бароккодан crossover-ге дейін түрлендіргенді жақсы көреді. Сонымен қатар, оның сопраносын «Тоғызыншы қақпа» фильмінен естуге болады.

Әйгілі әнші Қазақстанда екі рет болған, ол елордалық көрерменнің өзін ыстық ықыласпен қабылдағанын қуана еске алады.

-10 жылға жуық уақыт өткеннен кейін Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өткізілетін мәдени іс-шарада қазақстандық көрермендермен тағы да кездесетініме әрі қуанып, әрі толқудамын.

Концерт Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Корей мәдени орталығының қолдауымен Өзара мәдениетаралық алмасу жылына орай өткізілетінін назарларыңызға саламыз.

Мазмұнды бағдарламада «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында Суми Чомен бірге қазақстандық жұлдыздар – Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Татьяна Вицинская, сондай-ақ атақты маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен «Астана Опера» хоры мен оркестрі өнер көрсетеді. Әртістер танымал қазақ, корей және батыс еуропалық шығармаларды орындайды. Тамаша бағдарламаға А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан көпшіліктің сүйіп тыңдайтын «Тойбастар» сахналық көрінісі, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Олимпия шумақтары, Ф.Легардың «Күлкі елі» опереттасынан ханзада Су Хонгтың ариясы, «Пуритандықдар» операсынан Рикардоның ариясы және тағы басқа көптеген туындылар енген. 

– Мен Алан Бөрібаевпен бірге осы жоба бойынша жұмыс істейтінімізге өте қуаныштымын. Оның керемет дарыны бар, ол Еуропа мен Америкада көптеген оркестрлерге дирижерлік етті және де оның мол білімі мен операны терең түсінуіне сүйене отырып, осы концертке арналған бағдарлама тұжырымдамасын бірге жасау мүмкіндігі туындағанына қатты қуандым.

Суми Чо бүкіл әлемде өнер көрсетеді, әнші мәдениет сан алуан ерекшеліктерге ие екенін айтады. – Егер көпшілік көрермен бұқаралық мәдениеттен қуаныш табатын болса, ал опера түрлі дәуірлер мен олардың тарихи ерекшеліктерін бейнелейтін синтетикалық өнердің ерекше жанры болып табылады. Өкінішке қарай, кейде қиындықтар туындайды және сахнада көрерменге осындай әр түрлі ерекшеліктерді жеткізу қиын, бұл өте өкінішті, – дейді жұлдыз. Сондықтан ол көрермен қауымға қойылымдар, олардың егжей-тегжейлері, оқиғалар желісі туралы көбірек айтуға кеңес берді. Театр ісінің дамуы тоқтап қалмауы үшін қазіргі дәуірдің тенденцияларын көрсететін опера шығармаларына назар аудару қажет.

Опера дивасы музыка жолын шексіз деп санайды және алдағы жоспарлар туралы сұраққа бәрі әлі алда екені жайында оптимистік жауап берді.

Мен әртүрлі әлемдік туындылары бар 50-ден астам альбом шығардым, бірақ мен әлі де өз шығармашылығымның ауқымын кеңейтіп, музыка әлемінің жаңа мүмкіндіктерін байқап көргім келеді. Алдағы уақытта да мен үшін жаңа салаларда өзімді сынап көру үшін шексіз күш салуды жалғастырамын және өз тәжірибем мен музыкамды өнер жолына түскен әртістердің келесі буынына жеткізуге барымды салуға тырысуды тоқтатпаймын. ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік әртісі» атағының иегері ретінде мен әртүрлі мәдениеттер мен әлемнің өзара қарым-қатынасын алға жылжыту үшін тынбай жұмыс жасайтын боламын», – деп қорытындылады әнші.

Концерттің басталуы сағат 19:00-де. 

Published in Жаңалықтар