24 маусымда «Астана Операда» театрдың бас демеушісі «Halyk Bank» акционерлік қоғамы журналистер мен блогерлерге арнап ұйымдастырған баспасөз туры өтті. Шара барысында еліміздің бас сахнасы мен Қазақстанның ірі банкінің театр өнерінің дамуы саласындағы ынтымақтастығы жөнінде әңгіме өрбіді.
– Halyk Bank көп жылдар бойы «Астана Опера» опера және балет театрының бастамаларын қолдап келеді, – деді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев. – Оның үстіне біздің ынтымақтастығымыз тек демеушілік пен қайырымдылыққа ғана негізделмейді, ол біздің сандық бизнес-жобаларымызды да қамтиды. Бүгін біз Қазақстанның №1 афиша порталы – Halykтың экожүйесіне кіретін Kino.kzтің кеңейтілген, жаңа мүмкіндіктерін ұсынамыз. Бұл репертуармен танысу мүмкіндігіне ие болып, театрлық қойылымдарға, кинофильм премьерасына немесе жаңа концерттік бағдарламаға билет алуға сарқылмайтын ресурс.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров театрдың қалыптасуы, онда өткен маңызды шаралар, премьералар, сондай-ақ келешекке арналған жоспарлар туралы айтып берді.
– Тоғыз маусым бойы театр үлкен жұмыс жүргізді: шығармашылық құрам, репертуар негізін қалады, бұл елордада белгілі бір мәдени ортаның құрылуына ықпал етті, – деді Ғалым Ахмедьяров. – Біздің репертуарымыз опера және хореографиялық өнердің неғұрлым танымал туындыларынан құрылады. Ең алдымен ұлттық репертуарды меңгеріп, дамытудамыз, сондай-ақ классикалық репертуарды қалыптастырып, өнердегі өзіміз үшін жаңа стильдерді үйренудеміз: мәселен, ХХ ғасырдың көрнекті хореографтарының неоклассикалық балеттері – Ролан Пети мен Кеннет Макмиллан – М.Жаррдың музыкасына «Париж Құдай анасының соборы», Ж.Массненің «Маноны», сонымен қатар өткен ғасырдың жарқын балеттік көріністері. Бізде арнайы труппамыз үшін жасалған бірегей қойылымдар бар, мәселен, «Қарагөз» ұлттық балеті, «Дала үні», «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?», «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» және басқа да көптеген спектакльдер.
Театрда басқа да бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: Astana Opera Халықаралық опера академиясы құрылды, хор және балет бөлімдері бар балалар театр студиясы, сондай-ақ театрлық қолөнерге үйрететін студия жұмыс істеуде. Бірнеше жыл бұрын Piccolo театры жобасы іске қосылды, онда италиялық опера-буффа жауһарлары орындалады. Елордаға жақын қалаларда «Астана Опера» филиалдарын ашу театр жоспарына кіреді.
Өткен жылдың аяғынан бастап театр классикалық музыка, опера мен балетке арналған атақты еуропалық «Mezzo» телеарнасымен белсенді жұмыс бастады. Осы әріптестік аясында 2021 жылы желтоқсанда арна эфирінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театрының бас дирижері, танымал маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен орындалған Густав Малердің ғаламат Мың қатысушы симфониясының жазбасы көрсетілді. Осы жылы ақпанда бірден екі балет – А.Аданның «Корсары» мен «Жизелі» жазып алынды, олар да жуырда барша әлем көрермендеріне «Mezzo» арнасы арқылы көрсетіледі.
Банкпен ынтымақтастық жөнінде айта келе, «Астана Опера» директоры оның басшылығына алғыс білдірді:
– Өнерге қолдау көрсетіп жүргендеріңіз үшін рақмет, бұл қоғамымыздың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру және дамытуға, сондай-ақ еліміздің болашағына қосқан зор үлес, себебі театр Тәуелсіз Қазақстанның музыкалық және хореографиялық өнерін көш ілгері дамытудың іргетасы болып табылады.
Баспасөз туры аясында журналистер мен блогерлер әлемге әйгілі опералардың бірі Джакомо Пуччинидің «Турандотын» тамашалауға мүмкіндік алды, оның премьерасы 2018 жылы өтіп, Halyk Bank тарапынан қолдау тапқан еді.
Театр репертуарының сәнін келтірген спектакльге қоюшы дирижер – Алан Бөрібаев, атақты италиялық қоюшы дирижер – Давиде Ливермор, қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов, театрдың бас хормейстері – Ержан Дәуітов пен жарық бойынша суретші – Винченцо Рапонидің еңбектері сіңді.
Турандот басты партиясын жарқын прима Жұпар Ғабдуллина орындады. Дебютанттар қатарында Либуше Санторисова – Лиу, Мейір Байнеш – Калаф, Расул Жармағамбетов – Пинг, Артур Габдиев – Панг рөлдерінде өнер көрсетті.
Джакомо Пуччини жауһары «Турандоттың» екінші көрсетілімі «Астана Опера» сахнасында 25 маусымда өтеді. Тәкаппар ханшайым Турандот партиясында Бибігүл Жанұзақ, Тимур партиясында Талғат Ғалеев дебют жасайды. Калафтың бейнесін тағы да Мейір Байнеш таныстырса, нәзік Лиу рөлінде сахнаға Салтанат Ахметова шығады.
Айта кету керек, мәдениетті, өнер мен ғылымды қолдаудағы меценаттық тәжірибе Ежелгі Рим заманынан бері белгілі және осынау кезеңдер бойы ол шығармашылық бастамаларды дамытуға, адамдардың басым бөлігіне әлемдік классика туындыларына қолжетімділікті кеңейтуге, жаңа дарындардың пайда болуына және ашылуына көмектесуде.