Мазмұнға өту

«Астана Операдағы» гастроль: көрермендер мен музыканттар үшін жан рақаты

«Астана Опера» сахнасында гастролін қорытындылаған Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері мен музыканттарын Нұр-Сұлтанның көрермендері ду қол шапалақпен шығарып салды. Өнер көрсетуден театрсүйер қауым ғана зор рақат алып қойған жоқ, сонымен бірге елордалық театрдың бірегей акустикалық және техникалық мүмкіндіктері труппа мен симфониялық оркестрді үлкен әсерде қалдырды.

– Біз өзіміздің әріптестерімізбен ынтымақтастығымызға өте қуаныштымыз, өйткені мұндай өзара әрекеттестік ең алдымен көрермендерге жақсы әсерін тигізеді, олардың жаңа театр жанрларымен, композитор, музыкант және әртістердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндіктері пайда болады, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Мұндай тәжірибе елорданың мәдени өмірін байыта түседі, оны одан сайын қызықты, серпінді етеді.

– Мен осынау керемет, әлемдегі үздік деп айтуға еш тартынбайтын театрлардың бірінде екінші рет жұмыс істеп отырмын, – деп атап өтті Беларусь музыкалық театрынан шақырылған дирижер, маэстро Николай Макаревич. – Тыңдарман ретінде мен Еуропаның көптеген театрларында, соның ішінде әйгілі Вена операсында да болдым, «Астана Опера» залы мен фойесінің әдемілігі сонша, оны көргенде тынысың тоқтап қалғандай болады. Дизайнерлер мен суретшілердің мінсіз жұмысы таңғалдырады әрі көздің жауын алады. Үш спектакльдің декорациясын бұзбай, сол күйінде сақтауға болатын сахнаның техникалық жабдықталуы, оркестр шұңқыры бар, акустикасы керемет балет залы жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Мен оны «Метрополитен Опера» және «Ла Скаламен» қатар қояр едім.

Минск театры дирижерінің Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрымен бұрыннан байланысы бар, Николай Макаревич Нұр-Сұлтан қаласының қонақтары мен елордалық көрермендерге ұсынылған спектакльдердің біразының қоюшы дирижері болып табылады, ал «Алтын балық» ертегісінде маэстро композитор ретінде өнерін паш етті.

– Мен Минскіде жұмыс істеп, ал Қазақстанға шақыртумен келетіндіктен, бұл гастроль мен үшін толқулы сәттерге толы, және осынау өнер көрсетулер кейбір кезде маған емтихан секілді болды, – деп атап өтті дирижер.

«Астана Операдағы» гастроль қарағандылық театрдың әртістері мен музыканттары үшін айтулы оқиға болды.

– Көп жылғы дәстүр бойынша Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры еліміздің бас сахнасында өзіміздің репертуардағы үздік әрі жаңа спектакльдерді ұсынды, – деді театр жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев. – Бұл жолы біз заманымыздың ең танымал композиторларының бірі В.Баскиннің жаңа шығармасы, бродвей мюзиклінің үздік дәстүрлері бойынша жазылған «Кентервиль қамалының елесін», сондай-ақ театрымыздың негізін құрайтын классика – И.Кальманның «Цирк ханшайымын», М.Дунаевскийдің «Алқызыл желкендерін» және тағы басқа туындыларды алып келдік.

Қарағандыдағы академиялық музыкалық комедия театры республикамызда оперетта мен мюзикл жанрлары таратылатын өзіндік бірден-бір өнер ордасы болып табылады. Жыл сайын онда 7-ге жуық жаңа қойылым сахналанады, ал жалпы алғанда репертуарда 200-ден астам спектакль бар.

– Елордаға сапарлай отыра, біз Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарын өзіміздің шығармашылығымызбен қуана таныстырамыз, – деп атап өтті аспапшы-әртіс Маргарита Туребекова. – Біздің театрды посткеңестік кеңістіктің барлық қиырында өте жақсы көреді, өз елімізде және шетелде жылы қарсы алады.

Белсенді қойылымдық және гастрольдік қызметпен қатар, театр фестивальдер ұйымдастырады. Биыл Италия, Франция, Германия, Ресей, Беларусьтен орындаушылар қатысатын XI «DosStar» оператта мен мюзикл ашық фестивалін және IV «Кукляндия» қуыршақ театрлары ашық фестивалін өткізу жоспарлануда. Ал Нұр-Сұлтанға гастрольден кейін қарағандылық театр труппасын оңтүстік астанада күтеді. 

Published in Жаңалықтар