Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан бүгінде, сірә, елдегі және шетелдегі ең танымал әрі сұранысқа ие қазақстандық биші. Ол күллі әлем бойынша гастролін ойдағыдай жалғастырып, үздік театр сахналарында «Астана Операны» ғана емес, сонымен бірге тұтас отандық балетті таныстырып келеді. Біз Бақтиярмен өзі бірнеше мәрте қатысқан Жасыл құрлықтағы халықаралық жоба жайлы, патриотизм, заманауи әртістің мансабындағы әлеуметтік желілердің рөлі және басқа да жайттар туралы әңгімелестік.
– Сіз осымен екінші рет Австралияда өткен Ballet International Gala-ға (BIG) қатысып келдіңіз. Бұл шараның идеясы неде?
– Шараның басты мақсаты – әлемдік балет жұлдыздарын, қазір әлемде сұранысқа ие бишілерді жинап, оларды австралиялық көпшілікпен таныстыру. Жасыл құрлықтың тұрғындары мәдени орталықтардан едәуір жырақта өмір сүретіні белгілі, сол үшін мұндай шара оларға әлемдік балеттің үздік нөмірлерін көруге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар осынау өнер түрін одан бейхабар жұртшылықтың арасында насихаттауға және өнерді бағалайтын жандарға атақты әртістермен кездесуден рақаттануға мүмкіндік беруге тырысуда.
– Алғашқы өнер көрсетулерге қарағанда, бұл жолы шараның ауқымы қаншалықты өзгерді?
– Жарты жыл бұрын өткен BIG-1-мен салыстырғанда шоу айтарлықтай өзгерді. Егер бірінші ретте оған негізінен австралиялық әртістер мен American Ballet Theatre, Royal Opera House-тен бірнеше биші және «Астана Операдан» Шұғыла Әдепхан екеуміз қатыссақ, бұл жолы Берлин операсынан солистер, америкалық балет өкілдері мен Ла Скала театрынан әлемдік деңгейдегі жұлдыз Роберто Болле шақырылды. Ұйымдастырушылардың шараны неғұрлым жоғары деңгейге көтеріп, оған балет өнерінің үздік өкілдерін шақыруға мүмкіндіктерінің болуы шараның беделін көрсетеді. Сондай-ақ оны өткізу алаңы да өзгерді. Егер бұрын залға 900 адам сыйса, бұл жолы қойылымды бір мезгілде 2 мың адам тамашалай алды.
– Австралиялық көрермендердің Сізбен қоштасқысы келмейтіні және Сізді тағы да жобаға қатысуға шақырғаны рас па?
– Иә, жоба жалғаса береді, және бізді тағы да оған қатысуға шақырды. 2023 жылы 26-27 қаңтарда және 2-4 ақпанда біз кезекті рет Жасыл құрлықта төрт гала-концертте өнер көрсетеміз. Алайда бұл жолы өтетін орындары өзгереді: бізді танып үлгерген Голд-Кост-пен бірге, BIG қатысушылары Австралияның ірі қалалары – Сиднейде, және, бәлкім, Мельбурнде өнер көрсетеді. Сондықтан шараның географиясы кеңейіп келеді деуге болады, сонымен қатар бізді жаңа көрермендер – Австралияның оңтүстік жағалауы тұрғындарымен кездесу күтеді.
– BIG аясында Сіз жер шарының түрлі бөліктерінен үздік бишілермен қарым-қатынас жасайсыз. Сіздерді кәсіби тұрғыда не біріктіреді? Дайындықта, мамандыққа көңіл бөлуде қандай айырмашылықтар бар?
– Әртістердің біразын мен жақсы танимын. Олармен қарым-қатынас жасау – бұл кәсіби өсу үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер, себебі «классикамен» шұғылдана отыра, біз бір-бірімізден тың дүние аламыз. Белгілі бір уақыт көріспей, сосын қайта кездескенде, біз әрқайсымызда сапалық өзгерістер болғанын байқаймыз, соны бір-бірімізбен бөлісе аламыз. Бізді кәсібилік пен дайындық деңгейі, соны сақтап қалуға және жетілдіруге деген ұмтылыс, сондай-ақ мамандыққа жауапты қарау, оған деген ұқсас көзқарас біріктіреді. Осынау жоғары кәсіби деңгейде өзгешеліктер онша көп емес. Мұндай деңгейдегі шоуға шақырылатын әртістер өз бітімдерін жақсы басқара біледі, өнер көрсетуге қысқа мерзімде дайындала алады. Бір-екі дайындықтан кейін сахнаға жаңа жұппен шығатын кездер жиі болады, дегенмен бұл сырт көзге көп күн мен апталар бойы бірге жасаған қажырлы еңбектің нәтижесіндей көрінеді.
– Әлемнің қарама-қарсы жағында өнер көрсету басқа мәдениет, дәстүрлер, табиғат, менталитетпен танысуға мүмкіндік береді. Сізді Австралияда ең қатты таңғалдырған не нәрсе?
– Біріншіден, мен «Астана Опера» театрының барына қуаныштымын, біздің театр Қазақстанда алғашқы болып Жасыл құрлықта билеуге шақырту алуға лайық деп танылды. Бұл шынымен де өте керемет! Австралияда сан алуан мәдениеттер тоғысып жатыр, бүгінде онда көптеген ұлт өкілдері, түрлі менталитет иелері өмір сүреді. Алайда бұл елдің келушілердің бойына сіңіретін ең басты қасиеті – барлық нәрседе қарапайым болу, өмірге рақаттана білу. Бұл қасиет бізге жетіңкіремейді. Бізде пафос тым көп. Австралияда байды кедейден ажырату мүмкін емес, адамдар заттар мен белгілерге қарап шоғырланбайды, киім-кешек және автокөлікпен мақтанбайды.
– Австралия тұрғындары Қазақстан жайлы біле ме? Оларды Қазақстан мәдениетімен таныстыруға мүмкіндік болды ма?
– Австралия тұрғындары өте білімді. Онда түрлі елдерден келген студенттер өте көп, және жалпы ұлт жағынан алып қарағанда да қоғам әртекті. Әлбетте, олар Қазақстан жайлы біледі. Қандай да бір мүмкіндік туа қалса, еліміз жайлы айтып беруге тырысамын, біздегі табиғаттың әдемілігін, астың дәмді, адамдардың келбетті екенін, көп ғасырлық ұлы тарихымыз туралы әңгімелеймін. Ең үздігін көрсетуге тырысамын, себебі біздің шетелдіктерге мақтанып айта алатын дүниелеріміз өте көп.
– Сіз өзіңізді әрдайым «Астана Операмен», Қазақстанмен байланыстырасыз. Бұл Сіздің ішкі қажеттілігіңіз, азаматтық ұстанымыңыз, патриотизмді көрсетуіңіз бе?
– Өзімді әрдайым «Астана Операмен» байланыстыратын себебім – мен дәл осы театрда өзімді әртіс ретінде аштым және кәсіби тұрғыда жетілдім. Мен өз елімді қатты жақсы көремін және бүгінде тек өзімді немесе өз театрымды ғана емес, бүкіл қазақстандық балетті таныстырып жүргенімді түсінемін. Бұл жауапкершілікті көтеріп жүру мен үшін зор мәртебе, және мен өз елімді әлемдік сахнада таныстыратынымды мақтан етемін.
– Сіз әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушысы болып табыласыз: контент құрасыз, бейнеге түсіріп, сурет жүктейсіз. Шығармашылығыңызда әлеуметтік желілердің маңыздылығы қандай? Олар заманауи әртістер үшін қаншалықты маңызды?
– Қазір біз өмір сүріп жатқан цифрландыру дәуірінде әлеуметтік желілер – кез келген қызметтің қажетті құрамдас бөлігі, себебі олар бір мезгілде портфолио әрі визит карточкасы бола алады. Шығармашылығыммен танысу үшін менен бейне жіберуді өтінгенде, мен кейде Instagram-дағы өз аккаунтымның сілтемесімен бөлісемін, онда соның барлығы бар. Әлеуметтік желілердің көмегімен әлеммен байланысу, өзіңді таныстыру жеңіл. Әлеуметтік желілер – өз-өзіңді танытудың өте жақсы құралы. Бірақ мұның үлкен бір кемшілігі бар, олар көп уақытыңды алады. Маған әлеуметтік желілердегі парақшаларымды өшіріп тастау туралы ой жиі келеді, бірақ бұл жұмыстың ажырамас бөлігі екенін түсінгендіктен, бұл қызметке жауапкершілікпен қарап, оларды жүргізуді жалғастыруға тура келеді.