«Астана Операда» қыстың алғашқы айы дәстүр бойынша жарқын оқиғалар мен іс-шараларға бай, солардың шеңберінде елордалық театрдың тамаша әртістері, атақты қазақстандық және шетелдік музыканттар мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ дарынды жас орындаушылар К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына шығады. Сонымен, 22 желтоқсанда тыңдармандардың тенор дауысының айрықша әдемілігін бағалауға мүмкіндіктері болады. «Viva il Tenore!» концертін орындаушылар Қазақ КСР Халық әртісі, біртуар опера әншісі Байғали Досымжановтың 100 жылдығына арнайды.
Бұл кеште өнер сүйер қауымға өз шығармашылығын жас тенорлар: театр солисі Артур Габдиев, Нарұл Тойкенов пен Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Әлихан Зейнолла таныстырады, әртістермен бірге концертмейстерлер Зәру Жазықбаева, Гүлшан Конушева өнер көрсетеді. Бағдарламада атақты опера ариялары, дуэттер мен триолар, романстар, неаполитандық әндер, қазақ халық әндері мен отандық композиторлардың вокалдық шығармалары бар.
К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сан алуан концерттік репертуары елордалық көпшілік арасында зор танымалдылыққа ие екенін атап өткіміз келеді. Көрермендер қызықты концерттер мен керемет спектакльдерге қуана келеді.
– Отбасымызда барлығы, үлкендерден бастап ең кішкентайларға дейін «Астана Операға» барғанды жақсы көреді. Жолдасым екеуміз К.Байсейітова атындағы Камералық зал концерттеріне музыкамен рақаттануға, комедиялық опера-буффа спектакльдерінде күлуге және оң әсер алуға үнемі келеміз. Романс кештерінің табынушыларына айналған анам мен тәтем репертуарды әрдайым қарап отырады. Сондай-ақ балаларға арналған қызықты, танымдық бағдарламаларды да ерекше атап өту қажет, онда балалардың классикамен танысуға мүмкіндіктері бар. Интерактивтік бөлігінде жүргізушілер әрдайым балаларды болып жатқан әрекетке қызықтыра алады, менің қыздарым дайындықпен жауап беріп, әртістердің өнер көрсетуін мұқият тамашалайды, сосын әркез: «анашым, біз тағы қашан келеміз?» деп сұрайды, – деп пікірімен бөлісті Астана тұрғыны Алмагүл Жақсыбаева.
Бұл жолы ай бағдарламасын «Квартетке арналған музыка маусымы» топтамасынан «Дәуір данышпандары: Бетховен. Шостакович» концерті ашады. 1 желтоқсанда ішекті аспаптар квартеттері фестивалінде «Астана Опера» оркестрі аспапшыларының түрлі құрамдары өнер көрсетеді, атап айтсақ, олар: Талшын Кешілбаева (бірінші скрипка), Марузат Серғазықызы (екінші скрипка), Әкежан Дотаев (альт), Бекарыс Наурызбаев (виолончель) және Әнел Шәкірова (бірінші скрипка), Айя Ғаббасова (екінші скрипка), Ахмет Сұлтанов (альт), Курванжан Ахатов (виолончель). Фестиваль жетекшісі – театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов камералық музыканы насихаттауды және классикалық жанр музыканттарының жаңа есімдерін ашуды жобаның мақсаты етіп белгіледі.
4 желтоқсанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігінде Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хорының «Тал бесіктен – жер бесікке…» театрланған хор қойылымы өтеді.
7 желтоқсанда ұлы композитор В.А.Моцарттың камералық-аспаптық шығармашылығына «Шамшырақ жарығында орындалған музыка» топтамасынан «Вольфганг Амадей Моцарт» концерті арналады. Танымал қазақстандық скрипкашы Бағдат Әбілханов пен пианист Салтанат Әбілханованың нәзік интерпретациясында кемеңгер австриялық классиктің скрипка мен фортепианоға арналған сонатасы шырқалады.
11 желтоқсанда жас театр сүйер қауымның назарына «Театрға саяхат» топтамасынан қазақ тіліндегі «Түрлі дауыстар әлемі» концерті ұсынылады. Балалар сопранодан бастап басқа дейін опера дауыстарының сан алуан түрлерімен танысады, бұған опера солистері, «Астана Опера» балалар театр студиясының хоры және музыкатанушы Төлеген Назарбеков көмектеседі. Фортепиано партиясында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.
Қазақстан мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын мерекелеу аясында 13 желтоқсанда «Канададан Қазақстанға» концерті өтеді. Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен өтетін музыкалық кешінде канадалық пианист әрі композитор Дэвид Брейд ұжымның қонағы болады. Бірқатар премьералар шараның айтулы оқиғасы болмақ: алғаш рет Қазақстанда Дэвид Брейдтің фортепианоға арналған квинтеттері орындалады, бұдан бөлек канадалық композитордың Ғ.Жұбанова атындағы квартет үшін арнайы жазған ішекті аспаптар квартетінің әлемдік премьерасы өтеді.
Әйгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев, скрипкашы Мақсат Жүсіпов пен виолончелші Мұрат Нарбековтың орындауындағы «Вена классиктерімен бірге Рождество» концерті мереке алдында көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. 15 желтоқсанда аспапшылар Л. ван Бетховеннің «Gassenhauer» фортепианоға арналған №4 триосын, си-бемоль мажор ұсынады, ал В.А.Моцарттың No.1 фортепианолық квартетін, соль минор, музыканттармен бірге альтшы Ақбөпе Мұхамеджан орындайды.
Мерекелік тақырыпты «Жаңа жылдық серпантин» концерті жалғастырады. 30 желтоқсанда театрдың жарқын солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жамиля Джаркимбаева, Маргарита Дворецкая, Азамат Жылтыркөзов, сондай-ақ Әсем Сембина, Мәдина Исламова, Татьяна Вицинская, вокалист Айдана Даниялова, аспапшылар – флейташы Балжан Сапарова, «Квиконте» ансамблі мен гитарашы Ая Еркен классикадан бастап заманауи музыкаға дейін танымал шығармалар енген жарқын бағдарламамен сахнаға шығады. Туындылардың қатарында – әндер, романстар, аспаптық музыка, сондай-ақ ариялар, дуэттер мен әйгілі опера және оперетталардан үзінділер бар. Концертмейстер – Раушан Бескембирова.