Мазмұнға өту

«Астана Операда» «Күлбике» балетінің жаңа нұсқасының әлемдік премьерасы өтті

С.Прокофьевтің музыкасына әйгілі хореограф Раймондо Ребектің «Астана Опера» сахнасында қойған осы жылдың ең көп айтылған әрі асыға күткен премьерасы – «Күлбике» балеті көрермендердің зор қызығушылығына ие болды. Сүйікті ертегінің бірегей интерпретациясы, жарасымды әзілдің көптігі басты кейіпкерлердің бейнелерін басқа қырынан көруге мүмкіндік берді. 

Күлбике өзін киім дизайнері ретінде дамытуға ұмтылған заманауи бойжеткенге айналса, оның ғашығы Ханзада оған лайықты серіктес болып, көрерменнің алдына композитор әрі диджей бейнесінде шықты. 

Либретто авторы әрі қоюшы хореограф Раймондо Ребек елордалық балет жанкүйерлеріне «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» және «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» спектакльдері арқылы таныс, ол суретшілер Йоко Сеяма және Франсуа-Ноэль Шерпинмен бірлесіп әртүрлі жастағы заманауи көрермендерге арналған мүлде жаңа туынды жасап шығарды. С.Прокофьевтің кемеңгер музыкасы қолданылып, әрі ол Джимми Дюрант, Билли Рэй Сайрус, Луи Армстронгтың әуендерімен толықтырылғаннан кейін қойылым өзгеше дыбыстауға ие болды. Классикаға джаз, поп және басқа да заманауи музыкалық стиль элементтері араласып, өте үйлесімді дыбысталды. Прокофьевтің көпшілік ұнататын музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдин мен «Астана Опера» Симфониялық оркестрі шебер орындап шықты. 

Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігіндегі балет труппасы қоюшының ерекше ойын зор шабытпен қабылдады. Күлбикенің партиясын орындаушылар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Мәдина Басбаева сүйкімді, еңбекқор қыздың бейнесіне мақсаткерлік пен сенімділік қосып, оны заманға қарай сәйкестендірді. Далер Запаров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанның орындауында Ханзада да елеулі жаңартуды бастан кешірді. Бос сенделген тұрмыстан шаршаған ол сүйікті ісімен айналысу арқылы өзінің басқа қырын ашуға тырысады, және көздеген мақсатына жетіп қана қоймай, махаббатын  табады. 

Мейірімді періштенің рөлі айрықша, ол ертегінің классикалық нұсқасында Кіндік шеше -перизат бейнесінде суреттеледі. Өз партиясын жүзеге асыру үшін Сұлтанбек Ғұмар мен Арман Уразовқа гироскутерді жетік меңгеруге тура келді, олар гироскутерде бірнеше аса күрделі қимылдарды жасады. Мұндай шебер әдістерді ешқандай хореографиялық мектеп үйретпейді. 

Техникалық машықтарды ғана емес, сонымен қатар асқан актерлік шеберлікті де талап ететін жарқын, есте қаларлық рөл Әсел Шайкенова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усинаның орындауындағы Өгей шеше мен оның қыздары Түшкіргіш (Мөлдір Шәкімова мен Аделина Төлепова) және Тәтті құмардың – (Әнел Есқалиева мен Жұлдыз Жұмажанова) рөлдері болды. Патша (Бейбарыс Ақарыс пен Бостан Қожабеков), Патшайым (Гүлнұр Қайсарова мен Алина Халимолла) бұрынғы сән-салтанаты жарасқан өмірдің бейнесіндей көрінді. 

Хореографияға жаңа қырынан келу өзгеше көркемдік көзқарасты талап етті. Көпшілікті сценография, сәулелі безендіру, костюмдер мен бутафория таңғалдырды. Хикаяның басты атрибуттарының бірі – күйме көрермендердің зор таңданысын тудырды. Күлбике балл кешіне әдеттегі асқабақтың орнына, әдемі біз өкшелі туфли түрінде жасалған күймемен аттанды. Бұл жоғары сән нышанын білдіреді. 

Үлкен манекендер көпшілікті зор әсерге бөледі, Күлбике ол манекендерде өзінің дизайнерлік туындыларын жасаған еді. Сценография мен костюмдерде қолданылған  түстер маңызды рөл атқарды, олар көрерменге енді бастап келе жатқан сәнгердің кәсіби тұрғыда қалыптасуын бақылауға көмектесті. Ал қойылымда өте орынды қолданылған маңызды кинематографиялық тәсілдер оқиға желісінің жетілуіне және ертегіге неғұрлым тереңірек енуге септігін тигізді. 

«Астана Опера» опера және балет жанрлары жауһарларының классикалық үлгілерін меңгере отыра, тәжірибе жасауды, ойды жеткізудің жаңа түрлерін іздеуді жалғастыруда. 

 Р.Ребектің қойылымындағы жаңа «Күлбике» ескірмейтін әрі көпшілік мақұлдаған адамгершілік қағидаттарын заманға қарай сәйкестендіріп, махаббат пен арманға ұмтылу  барлық өмірлік ауыртпалықтардан мықты екенін көрерменге жеткізудің табысты талпынысы болды.

Published in Жаңалықтар