«Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымының ашылуы ду қол шапалақтаумен және «Бәрекелді» деген дауыстармен өтті. Көрікті, біртума, кәсіби жаңашыл корей опера жұлдызы Суми Чо «Астана Операның» асқан әншілері Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев және Татьяна Вицинскаямен бірге елордалық театрдың Үлкен залы сахнасында жарқырады. Гала-опера әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен зор табыспен өтті.
Театрда мерейтойлық маусымның ашылуына ерекше толғаныспен дайындалды, бағдарлама опера жауһарларының алтын топтамасы мәнерінде құрылды. Айтулы оқиғаны Т.Вицинская, А.Жылтыркөзовтің, театр хоры мен оркестрінің орындауындағы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Тойбастар» әсерлі сахнасы салтанатты жағдайда бастап берді.
…Сырнайдың үні естіліп, жүргізушінің сыңғырлаған дауысы әлемдік опера сахнасының аңызы Суми Чоның шығатын кезегін хабарлады. Музыка сыншыларының оның дауысын періштенің дауысына теңейтіні кездейсоқ емес, әнші үнемі дыбыстаудың үздік түрлерін іздеумен жүреді, бәлкім, оның Су – кемелдікті, Ми – сұлулықты, Чо – киелілікті білдіретін мағыналы сахналық лақап атты таңдап алуы содан шығар. Әншінің шын есімі –Чо Су-Кен, ол Сеулде дүниеге келген. Ол Римдегі Santa Cecilia академиясында білім алды, кейін бұл қала оның екінші үйіне айналды. Италиялық педагогтер құдды бір зергерлердей оның табиғи дауысын гауһар таспен бедерлеп, қуаттады. Осыдан кейін оның сиқырлы тартылысына Париж операсы мен La Scala-дан бастап Covent Garden мен Metropolitan-ге дейін ұлы дирижерлер, режиссерлер, театр сүйер қауым дес бере алмады. Бүгінде Суми Чо – әлемнің ең танымал әншілерінің қатарында.
Елордамызда өнер көрсетуге әнші ариялар мен дуэттер әзірледі: Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсін, Л.Делибтің «Лакме» операсынан Лакме мен Маликаның (Гүлді дуэт) дуэтін, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Джульетта мен Никлаустың (Баркарола) дуэті.
Көпшіліктің оның әйгілі нөмірі – Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Олимпияның шумақтарын күткені сөзсіз. Суми Чоның оны вокалдық шеберлікпен және жарасымды әзілмен орындап, залдағы көрермендерді езу тартқызатыны бар. К.С.Лимнің «Көктем өзен арқылы келгенде» атты лирикалық корей әні шын мәнісінде концерттің сәнін келтірді. Әнші кеш барысында түрліше жасанып, өзінің сұлулығымен көпшілік көрерменнің назарын өзіне қаратты.
Сахнаға опера жанрының шеберлері – Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев пен Татьяна Вицинская шықты. Әртістер жоғары вокалдық деңгейді, асқан тартымдылық пен еліктіріп әкететін дауысты көрсетті, бұл көрермендердің ықыласын бірден жаулап алды және ду қол шапалақпен лайықты қошеметке бөленді.
Орындаудың мөлдірдей тазалығы бола тұра, хор мен оркестрдің таза, мінсіз үн шығаруына таңғалуға бола ма? Есімі үнемі әлемнің үздік концерттік алаңдары мен театрларының афишаларында жазылатын әйгілі маэстро Алан Бөрібаев сиқырдай көрінген қимылдарды жасай отыра, әнді тыңдармандардың жүрегіне жеткізуге тырысты және оларға дыбыстардың тамаша әлемін ашып берді.
Концерттің қас қағымда өте шыққанын тыңдармандардың өздері де мойындады. Онда ұлттық және әлемдік классика жарасымды үйлесіп жатты. Концерт Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын мерекелеу аясында өткізілгендіктен, оған музыканттар, жазушылар, ғалымдар, белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері келді.
Маусымның ғаламат бастамасы қаланды, ол жарқын, мазмұнды және мәнерлі болды, оның жалғасы бұдан да керемет болатынына күмән жоқ.