Мазмұнға өту

«Астана Опера» әртістеріне Еуропа мен Азияда қошеметтеп қол соқты

«Астана Опера» опера труппасының солистері үшін театр қабырғасындағы өнер көрсетулермен қатар, шығармашылық қызметтің маңызды бөлігі гастроль болып табылады. Жылы қабылдау мен табынушылардың ду қол шапалақтауы оларды әлемнің түрлі бөліктерінде сүйемелдеп жүреді. Жуырда ғана Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова концерттермен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын аралап келді, Татьяна Вицинская Оңтүстік Корея көрермендерін таңғалдырды, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев Италия қалаларында гастрольмен болды.

«Астана Операның» жетекші солисі Татьяна Вицинская тамыздың аяғында Жорж Бизенің аттас операсының қойылымында құштарлыққа толы Кармен партиясында Корея Республикасының екі ауқымды алаңында жарқырады. Бірінші өнер көрсетуі әйгілі Чеджу аралының концерттік залында зор табыспен өтті, келесісі маңыздылығы бойынша Сеулден кейінгі екінші қала – Пусандағы Sohyang театрында болды. Қос спектакль де Бүкіләлемдік EXPO-2030 көрмесін өткізу туралы өтінімді қолдау сипатында ұйымдастырылды.

– Корей жұртшылығы үшін Ж.Бизенің «Кармен» операсының маңыздылығы ерекше, әрі мен үшін де бұл партия репертуарымдағы ең маңызды және сүйікті партияларымның бірі болып табылады, – деп атап өтті Татьяна Вицинская. – Қазақстанды шетелде таныстыру мен үшін зор мәртебе болды. Спектакльдерден кейін көрермендермен фотосессия және кездесу ұйымдастырылды, ол жерде олардың менің орындауым мен кәсіби шеберлігімді жоғары бағалағандарына көз жеткіздім. Біз келешекке басқа да жобалар ойластырып қойдық, бірақ бұл әзірше құпия.

Әлемнің басқа түкпірінде – Италияның оңтүстігінде осы жазда «Астана Операның» жетекші солисі Талғат Мұсабаев гастрольдік сапармен болды.

– Мен «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрімен бірге Еуропа композиторларының классикалық музыкасы шырқалған концерттерге қатыстым. Дж.Верди, Г.Доницетти, Ж.Бизенің опералық арияларын орындадым, – деді опера әншісі. – Біздің өнер көрсетулеріміз Италияның оңтүстік шаһарлары: Соренто, Салерно, Матера мен басқа да қалаларда өткендіктен, неаполитандық диалектіде орындалатын италия әндерін шырқамау мүмкін болмады, көрермендер оларды қуана қабылдады. Жазда Италияда концерттер ашық алаңдарда өтеді, және бұл ерекше аура мен колорит туғызады. Біздің әртістер тамаша өнер көрсетіп, Италия жұртшылығының жоғары бағасына ие болды.

Өз Отанымызда да көрермендермен жылы жүздесулер өтті. Тамыздың ортасында «Астана Опера» опера труппасының бірден үш солисі – Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Салтанат Ахметова Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының моноқалалары мен аудан орталықтарында гастрольмен өнер көрсетті.

– Біз Курчатов, Риддер, Серебрянск, Алтай секілді қалаларда болып, классикалық шығармаларды, танымал неаполитандық әндерді, қазақстандық авторлардың әндерін орындадық. 10 тамызда, ұлы Абайдың туған күнінде, Семейде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсеттік. Концерттерге бізбен бірге басқа да музыкалық жанрлардың әртістері қатысты: Роза Рымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова және тағы басқалары, – деп пікірімен бөлісті «Астана Опера» опера труппасының директоры Азамат Жылтыркөзов. – Біз зор әсер алдық, өйткені Қазақстанның шалғай аудандарына жиі бара бермейміз, дегенмен осындай шаралар өз елімізді жақсы тануға көмектеседі. Бізге Абай туып-өскен жерлерге бару бақыты бұйырды: Қарауыл ауылы мен Жидебай қонысына, Мұхтар Әуезов музейіне ат басын бұрдық, жазушылармен бірге Семейдің Орталық музейінде дөңгелек үстел отырысына қатыстық. Бұл жерлердің әдемілігі мен халқының қонақжайлылығы бізді баурап алды, біз өзімізге жаңа театрлық маусымда күш беретін өте қажетті қуат алдық. 

Published in Жаңалықтар