Мазмұнға өту

Шымылдықтың ар жағындағы сиқыршылар

«Астана Опера» маусым аяқталғанда немен айналысады?» Жазда елордалық театрдың сәулетті ғимаратының жанында серуендейтін көптеген адамдарды осы сауал толғандыруы мүмкін. Сахна сыртындағы өмір жайлы әңгімелейтін репортаждар аясында бұл жолы оқырмандарға театрдың жүрегі – сахнаның қалай орналасқанын көру ұсынылады.

Жаз мезгілінде театр жайлы айтқанда, ойға ең бірінші келетіні – тыныштық. Алайда, театрлық маусым аяқталса да, мұнда өмір бұрынғыша қайнап жатыр. Егер шымылдықтың ар жағына үңілсеңіз, сахна машинистерінің бас көтермей жұмыс істеп жатқандарын көресіз. Бүкіл маусым бойы олар спектакльдердің декорацияларын орнатумен және сахна техникасын басқарумен айналысып келсе, қазір машинистерден құрылған кезекші топ техниканы толығымен тексерістен өткізуде, құрылғыларды жөнге келтіріп, техниканы жаңа маусымға дайындауда. Айта кетейік, көп жылдар бойы сахна машинериясы басқармасының қызметкерлері «Астана Опера» директорының көркемдік-өндірістік мәселелері мен ғимаратты пайдалану жөніндегі орынбасары Виктор Караренің тікелей жетекшілік етуімен белсенді жұмыс атқарып келеді.

– Театрымыздың репертуары өте бай, «Астана Операда» техникалық тұрғыда күрделі, декорациялары үлкен әрі қызықты спектакльдер қойылады, осы тәріздес техникалық мүмкіндіктер әлемнің бірде-бір сахнасында жоқ. Бұдан бөлек, біздің театрда басқа да шығармашылық ұжымдардың концерттері өтеді, олардың бәрі жоспардағыдай өтуі үшін біз жаңа маусым алдында профилактикалық жұмыстарды жүргізуіміз керек, – деді сахна машинериясы басқармасының басшысы Талғар Татмақов.

– Сахнаның астыңғы және үстіңгі механизмдерін басқаруды бір ғана оператор пультпен жүзеге асырады, яғни бәрі автоматтандырылған, бұл «Астана Опера» сахнасының ғажап техникалық мүмкіндіктерін көрсетеді. Орта Азияда мұндай жабдықтау тек санаулы театрларда ғана бар, сондықтан біз еш күмәнсіз әлемнің үздік сахналарының қатарына кіреміз. Біздің сахнаның аумағы 3 мың шаршы метр, ол төрт алаңға бөлінген: екі «қалташа», аван- және арьерсахна. Сонымен қатар, ол 5 метр төмен түсіп, жоғары көтеріле алады. Шымылдықтың ар жағында жасырын тұрған декорациямызды сахнаның айналмалы оң, сол қапталдарының көмегімен біз санаулы минуттарда көрерменнің назарына ұсына аламыз, – деді Талғар Татмақов.

Сахна машинистері біліктілікті арттыру курстарына үнемі қатысып тұрады, мәселен өткен маусымда неміс мамандары олармен апталық оқу өткізді. Сөз арасында айта кетейік, оқу өткізу үшін Германиядан шақырылған кәсіпқой мамандар «Астана Опера» сахнасы механизмін құрудың бастауында тұрған болатын. Театрда бұрыннан еңбек ететін Абай Ержанов топты толықтырған жас әріптестерімен өз тәжірибесімен үнемі бөлісіп жүретінін айтты.

– Сахна машинисінің жұмысы өте жауапты, себебі ең алдымен техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет. Театр қоймасына сыймайтын декорациялар театрдан тыс жерде арнайы тағайындалған орындарда сақталады, сондықтан оларды осында әркез жүк көліктерімен тасымалдап әкелуге тура келеді. Мәселен, Дж.Вердидің «Аида» операсының декорацияларының үлкендігі сонша, оларды театрға 40 футтық 17 контейнермен тасымалдайды. Сосын оның бәрін біз өзіміз түсіріп, сахнаны өнер көрсетуге дайындаймыз. Алғашқы кезде осындай ауқымды декорацияның монтажын 5 күнде жасасақ, қазір екі күнде дайындық өткізетін деңгейге жеттік, – деді Абай Ержанов. Бізбен әңгімесінде ол «Астана Операның» Қытай, Италия, Испания, Венгрияға гастролі кезінде сахнаны спектакльге дайындауға қатысқанын айтты.

Гастрольге шыққанда сахна машинистері тағайындалған орынды күні бұрын зерттейді. Декорацияларды орналастыру уақыт алатындықтан, олар гастрольге ертерек шығып, әртістер келгенге дейін сахнаны дайындайды және өнер көрсетулерден кейін шектеулі мерзімде декорацияны жинап алады.

Олардың жұмысы декорацияны орнатумен және техниканы басқарумен ғана шектелмейді. Қызметкерлердің жартысы келесі көрініске декорация элементтерін дайындаса, басқалары сахнада өнер көрсетіп жатқан әртіске қауіп төнбеуін қадағалайды. Өйткені спектакль барысында декорациялар бір орында тұрмайды, олар бүкіл картинада ауысып отырады, бірі төмен түсірілсе, бірі жоғары көтеріледі. «Машинистер спектакльдердің қайсысын ең күрделі деп санайды?» деген сұраққа бәрі әртүрлі жауап берді. Бірі Дж.Вердидің «Аидасы» десе, енді бірі М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасын», Дж.Пуччинидің «Тоскасын» және басқаларын атады.

Спектакль немесе концерт кезінде сахна машинистері қара түсті классикалық киім киеді, өйткені олардың жұмыс істеп жүргендері қойылым кезінде жиі көрінеді.

– Біздің машинистер қашықтықтан басқару арқылы бірнеше тонналық декорацияны санаулы секундта ауыстыра алады. Мәселен, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсында Абайдың үйі көзді ашып жұмғанша жоқ болып, сахна жазық далаға ауысады. Ал Дж.Вердидің «Аида» операсында соңғы төртінші актіге өтер кезде декорациялар 200 бағананың көмегімен бір уақытта жоғарыға көтеріледі. Декорация көтерілгеннен кейін, әртістер сахнаның төменгі деңгейінде қалады. Партерде отырған көрермендер жердің астына өздері түскендей әсер алады. Таңғалатын тағы бір жайт, 100-ден астам машинерия қозғалған кезде бір дыбыс шықпайды, сахнадан тек әртістердің дауыстары ғана естіледі. Бұл опера көптеген театрларда қойылады, бірақ ол тек біздің сахнада ғана сондай ғаламат әрі әсерлі көрінеді, – дейді машинерия басқармасының қызметкерлері.

«Астана Операның» техникалық тұрғыда жақсы жабдықталғаны сонша, театрдың әлемдік классиканың кез келген күрделі жауһарын қоюға қауқары жетеді. Еліміздің бас сахнасын Х мерейтойлық маусымда тамашалап, осыған көз жеткізуге болады. 

Published in Жаңалықтар