Мазмұнға өту

Контрабастар шеруі

Оркестрдің музыкалық «алыптары» – контрабастар – алғаш рет «Астана Операда» GUYS WITH CONRABASS концертін ұсынады. 16 шілдеде К.Байсейітова атындағы Камералық залда театрдың Симфониялық оркестрінің жарқын әртістері барлық аспаптардың ішіндегі ең ірісінің дыбыс шығарудағы сан қырлылығы мен асқан шеберлігін паш етеді.

Ішекті аспаптар тобының ең төменгі дауысының орындауында камералық музыка кешін елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына контрабасшылар Сәбит Дайыров, Анатолий Якушкин, Бауыржан Шақаев, Ермек Сәрсембаев, Махамбет Жарғақов, Дәулет Үдербаев, Нұрлан Двесов, Батырхан Хасенов ұсынады.

Контрабастар тобының концертмейстері, Мәдениет саласының үздігі Сәбит Дайыров бұл барлық ұжымның орындауында осындай форматтағы алғашқы концерт болатынын атап өтті, десек те әртістердің әрбіреуі осыған дейін бірнеше мәрте симфониялық және  камералық музыка концерттерінде жеке нөмірлермен, сондай-ақ түрлі ансамбльдердің құрамында зор жетістікпен өнер көрсеткен болатын.

– Бұл концертпен біз театрдағы тоғыз жылдық еңбегіміздің қорытындысын шығарамыз, өзіміздің жетістіктерімізді өнерсүйер қауымға лайықты деңгейде көрсетеміз деген сенімдемін. Әрбіреуіміздің алдымызда тұрған маңызды міндет – көрермендерге аспаптың барлық мүмкіншіліктерін әр қырынан көрсету: кантиленада қалай дыбыс шығаратынын, асқан шеберлікпен ойналатын шығармаларда, немесе үш жеке формада, тез ойнау темпі бір сарынмен баяу темпке, сосын тағы жылдам темпке ауысқанда қалай естілетінін таныстыру болып табылады. Біз кезекті рет контрабас оркестрдің дыбыс шығаруының іргетасы, шығармада үндестік пен жинақылық болуы үшін қалған музыканттар иек артатын бағдар ретінде қызмет етіп қана қоймай, біздің аспаптың симфониялық және камералық форматта да тең серіктес екенін паш еткіміз келеді. Атақты жазушы Патрик Зюскинд өзінің «Контрабас» пьесасында пайымдағандай: «Сіз оркестрлік партитураны А-дан Я-ға дейін түгел – симфония, опера, жеке концерттер – қалағаныңыздың бәрін жуынды жәшігіне тастай аласыз. Егер сізде контрабас болмаса, сізге осының бәрін тура сол күйінде тастай салуға болады», – деді музыкант.

Сәбит Дайыровтың контрабаспен алғашқы кездесуі ерекше жайт болған. Бесінші сыныпта музыкалық мектепке іріктеуден өткеннен кейін оның алғаш көрген аспабы дәл осы контрабас болыпты. Ол кезде жас әртіс осынау ұлы аспап оның тағдырына айналатынын білген жоқ.

– Әкем маған қандай да бір іспен шұғылдануға шешім қабылдағаннан кейін, бұл бағытта міндетті түрде үздік нәтижеге қол жеткізу керектігін үйретті. Бұл сабақты өзім үшін жақсылап меңгеріп алдым, сондықтан әу бастан-ақ табанды түрде дайындалдым, оған қоса көлемінің ірілігінен және ішегінің жуандығынан аспап баланың ыңғайына келе бермейтін. Көп дайындалатын әдетімді әлі күнге дейін қойған жоқпын, соның нәтижесінде «адам қатарына қосылдым» – консерваторияны, ассистентура-тағылымдаманы тамамдадым. Бүгінде, театр репертуарымен оркестр құрамында өнер көрсетуден бөлек, солист ретінде сахнаға шығамын, сабақ беріп, музыканттардың келешек буынымен тәжірибеммен бөлісемін, біздің топта да менің шәкірттерім еңбек етуде. «Астана Операның» контрабастар тобына жұмыс істеуге келген барлық жастардың симфониялық оркестрлерде біраз тәжірибелері болғанын, топтардың концертмейстерлері болып еңбек еткендерін атап өту қажет, – деп мәлімдеді әртіс.

Концерт аясында музыканттардың интерпретацияларында шетел авторлары Дж.Россини, Дж.Боттезини, Г.Ф.Гендель, С.Кусевицкий, Р.Глиэр, А.Мишек, И.Альбенистің шығармалары шырқалады. Қазақстандық композиторлардың туындылары – К.Күмісбековтің Поэмасы, Ы.Дүкенұлының «Жез киік» күйі орындалады.

– Қатысушылардың әрқайсы сахнаға жеке шығармалармен ғана шығып қоймай, сонымен бірге екі контрабасқа, контрабас пен скрипкаға, контрабас пен кларнетке, контрабас пен виолончельге арналған дуэттерде өнер көрсете отыра, контрабастың дыбыс шығаруын жан-жағынан паш етеді. Ең алдымен, бұл контрабас мектебінің «ақсақалы», аса көрнекті контрабасшы-шеберлердің бірі, музыка сыншылары «Контрабас Паганиниі» атаған Джованни Боттезинидің шығармалары. Тыңдармандарға күтпеген шешім ұсынылады: Исаак Альбенистің «Малагеньясы» әдеттегі фортепиано немесе оркестрдің орнына, арфаның сүйемелдеуінде естіледі. Бағдарламаның ішінде ең қызықтысы Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйінің қобыз, гитара мен контрабасқа арнап ыңғайланған орындалуы болмақ. Өзім Адольф Мишектің Контрабасқа арналған сонатасы, ми минорды ұсынамын. Мен бұл камералық музыка шығармасын студент кезімде орындаған болатынмын және қазір оған оралғым келеді. Көп жыл өткеннен кейін сол кезде қабылдаған эмоционалдық бояу мен интерпретациялардағы көптеген шешімдерді қуанышпен дұрыс деп тауып отырмын. Сонымен қатар, тәжірибемнің көптігіне қарамастан, мен қатты қобалжудамын: тұрақты өнер көрсетіп жүрсем де, сахнаға әрбір шығу – алғаш рет шыққандай болады, – деп пікірімен бөлісті Сәбит Дайыров.

Контрабастар тобының музыканттарымен бірге бұл кеште скрипкашы Шынар Барлықова, виолончельші Мұхамеджан Ахатов, кларнетші Алмаз Тоқпанов, арфашы Диляра Қалдыбаева, қобызшы Алмат Сайжанов, гитарашы Жәнібек Сапаров, пианистер Ольга Каминская, Меруерт Жекенова өнер көрсетеді.

Сондай-ақ классикалық өнерсүйер қауымды осы айда тағы бір қызықты, ерекше музыкалық жоба күтеді: 13 шілдеде К.Байсейітова атындағы Камералық залда халықаралық байқаулардың лауреаттары Шахизада Күлсейітова мен Меруерт Жекенованың орындауында Inspiration фортепианолық дуэтінің концерті өтеді.

Бағдарламаға Сергей Рахманиновтың 4 қолмен орындалатын фортепианоға арналған алты пьесасы, Дариус Мийоның «Скарамуш» екі фортепианоға арналған сюитасы және Анатолий Бычковтың Екі фортепианоға арналған «Қазақ рапсодиясы» енді. Концерт аясында шығармалардың премьерасы болатынын атап өтуіміз қажет: Александр Скрябиннің Екі фортепианоға арналған фантазиясы мен Клод Дебюссидің Шағын сюитасы бұл сахнада алғаш рет естіледі.

– Осы кеште көпшілікке жүрек қылын шертетін ансамбльдік орындау өнерінен ләззат алуға мүмкіндік беріледі. Тыңдармандар фортепианолық дуэт жанрының негізі болып табылатын екі пианистің музыкалық диалогының куәсі болады. Музыканттардың өзара шығармашылық әрекеттестігі кезінде көрермен түрлі бағыттар мен дәуірлер композиторларының көркем бейнелерімен таныса алады, – деді Қазақ ұлттық өнер университеті фортепиано және орган кафедрасының аға оқытушысы Шахизада Күлсейітова.

Published in Жаңалықтар