Мазмұнға өту

Италиялық аспаптық музыка жұлдызы елордада өнер көрсетеді

Әлемге әйгілі музыкант – бандонеоншы Марио Стефано Пьетродарки «Астана Операда» өз өнерін ұсынады. 3 шілдеде La Nuova Dolce Vita концертінде италиялық шебермен бірге театрдың Мәрмәр залының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» Симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

Маэстро А.Мұхитдин қазақстандық ұжым үшін бұл италиялық атақты бандонеоншымен алғашқы әріптестік емес екенін атап өтті. Шақырылған солистпен бірлескен концерт зор табыспен 2019 жылы қазанда өткен болатын.

– Елордалық көрермен Марио Стефано Пьетродаркиді қатты жақсы көреді, өзімізге де онымен жұмыс істеген ұнайды, ол керемет музыкант, әлемдік деңгейдегі кәсіпқой маман. Ол шексіз сахналық харизмасы мен қуатты энергетикасы бар нағыз әртіс, сондықтан көрермендерді аспаптар үнінің сиқыры ғана емес, сонымен қатар жарқын, қызықты орындау күтеді. Оның сахнаға әрбір шығуы – бұл ешкімді бейжай қалдырмайтын тұтас театрлық нөмір. Әлбетте, біз Пьетродарки мырзаға Нұр-Сұлтанда тағы өнер көрсетуге шақыруымызға дайындықпен үн қатқаны үшін алғыс айтамыз. Ұзақ үзілістен кейін біздің шетелдік әріптестермен байланысты жандандырып жатқанымыз, мәдениет саласының қайтадан толыққанды тыныстайтыны біз үшін үлкен қуаныш. Концерт жоғары музыкалық өнерді бағалайтын жандарға көптеген жақсы эмоциялар сыйлайтынына сенімдімін, біз қызықты бағдарлама әзірледік және барлық тыңдармандарды кешімізде асыға күтеміз, – деді Абзал Мұхитдин.

– Қазақстанға, өзім қатты жақсы көретін елге қайта оралғаныма сондай қуаныштымын. Біз мұнда пандемияға дейін маэстро Абзал Мұхитдинмен екі концертпен өнер көрсеткен болатынбыз, ол керемет кәсіпқой маман және тамаша музыкант, мен үшін оның жетекшілігімен тағы өнер көрсету үлкен абырой. Сондай-ақ ғаламат «Астана Опера» театрын дыбысталуы ғажап тамаша оркестр үшін құттықтағым келеді. Алғаш келгенімде олар небәрі бір дайындықтан кейін концерт бере алғаны әлі есімде. Таңғалдырарлық деңгей! Ерекше атап өтетін жайт, сол жолы өнер көрсетуде көрермендер арасында мен көптеген жастарды кездестірдім, бұл фактордың маңызы зор, жастар өнер жайлы жаңа нәрсені білгілері, одан жағымды әсер алғылары келеді. Бұл жолғы концерт бұрынғыдан да керемет болады, себебі бағдарлама әлем жұртшылығы сонша жақсы көретін екі жайтты біріктірді: кино мен танго. Барша жандарды тамаша музыкамен рақаттануға және пайдалы нәрсені алуға мүмкіндік беретін оқиғадан қалыс қалмауға шақырамын, – деп пікірімен бөлісті Марио Стефано Пьетродарки.

Шақырылған солист La Nuova Dolce Vita бағдарламасы Федерико Феллинидің музыкасын композитор Нино Рота жазған көпшілікке танымал фильмі бойынша аталғанын айтты.

– Концерт атауы жаңаруға ұмтылу, басты кейіпкерлер ретінде оралуға ынтызар болу және қызметімізді қайта жандандыру, өнер көрсетуді армандау, сұлулыққа рақаттану және ең жақсы келешекті жоспарлауды білдіреді. Әлбетте, біз Федерико Феллиниге құрмет көрсетпей тұра алмадық, сондықтан Нино Рота жазған барлық жауһарлар жиналған попурриді орындаймыз. Келесі попурри тағы бір италиялық кемеңгер Эннио Морриконеге арналады, ол Фабио Коноккьелланың шебер өңдеуінде бандонеон мен оркестрге арналған үш саундтректен тұрады. Концерттің екінші бөлімінде екпін аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың шығармаларына ауысады, – деп пікір қосты әртіс.

Сондай-ақ концертте жеке партиямен қазақстандық аспапшы, «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов өнер көрсетеді. Оның орындауында Астор Пьяццолланың «Танго тарихы» шырқалады.

Еске сала кетейік, Марио Стефано Пьетродарки көптеген ұлттық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып табылады. Ол 9 жасында аккордеонда ойнауды бастап, кейіннен бандонеонға ауысты. Жеке және вокалдық әрі аспаптық жанрлардың көптеген жұлдыздары: Анжела Георгиу, Анна Нетребко, Антонелла Руджеро, Андреа Бочелли, Эрвин Шротт, Андреа Гриминелли, Риккардо Коччанте, Пино Даниэле, Симона Молинари, сондай-ақ атақты оркестрлермен бірге көптеген әлемдік алаңдарда өнер көрсете отыра, концерттік қызметін белсенді жүргізеді.

Бүгінде көптеген композиторлар өз туындыларын арнайы Марио Стефано Пьетродарки үшін жазатын болды. Өз отаны Италияда өнер көрсетуден бөлек, ол Англия, Франция, Бельгия, Хорватия, Сербия, Германия, АҚШ, Польша, Португалия, Финляндия, Швейцария, Венгрия, Канада, Армения, Ресей, Босния және Герцеговина, Болгария, Түркия, Ливан, Беларусь, Қытай мен Қазақстанға гастрольдік сапармен барады. 

Published in Жаңалықтар