Мазмұнға өту

Ақтөбе: «Астана Опера» әртістері бізге Италияны ашты»

«Астана Опера» Қазақстанның бес қаласына екі айға созылып, шаттанған мыңдаған көрермен жинаған ауқымды гастрольдік сапарын аяқтады. 28 маусымда Ақтөбеде елордалық труппаның ақтық өнер көрсетуі жоғары деңгейде өтті.

Еске сала кетейік, саяхат географиясы таңғалдырарлық болды, «Астана Операның» музыкалық керуені Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Рудный, Ақтөбені аралады. Әр қаланың өзіндік, ерекше көрермендері бар, олар италиялық классика жауһары – Дж.Россинидің «Жібек саты» операсымен және «Музыка әлемі» балалар аудиториясына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі қызықты бағдарламасымен танысты.

«Астана Опера» танымал шығармашылық ұжымын әрбір театрлық және концерттік алаңда аншлаг күтті, бұл еліміздің әр бұрышында классикалық өнердің сұранысқа ие екендігін дәлелдейді. Отандық турне ұйымдастыруға ERG жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясы қолдау көрсетті, сондай-ақ компания өз кәсіпорындарының қызметкерлері, атап айтқанда тау-кеншілер, кеншілер, металлургтер алдында өнер көрсетуге жағдай жасады. Бұл бастама Жаңа Қазақстанда іске асырылып жатқан бірегей жобалармен үндес.

– Біз үшін қала құрайтын кәсіпорындардың қызметкерлері алдында өнер көрсету өте маңызды болды, олардың көпшілігі үшін бұл классикалық өнермен алғашқы кездесу болып, нағыз елеулі оқиғаға айналды. Біразы италиялық операны ешқашан естімесе де, оны қуана қабылдады, сондай-ақ ERG компаниясымен бірлесе отыра іске қосылған музыкалық шығармашылық жауһарларымен таныстыру бағдарламасының маңызды бастама екені, оны одан әрі дамыту қажеттігі түсінікті болды, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.

– Көрермендер аудиториясының назарын аударту үшін XVIII ғасырдың ең қызықты комедиялық операларының бірі таңдап алынды, ал жас театрсүйер қауымға балалар танымдық жобасы ұсынылды. Балалардың жаңа нәрсенің бәрін құлшыныспен қабылдайтыны таңғалдырады, олар жүргізушілер өткізген квестке қызығушылықпен қатысып, сұрақтарға жұмыла әрі дұрыс жауап беріп, «Бәрекелді» деп дауыстап, қажет кезде қол шапалақтауды үйренді және театрлық этикеттің қыр-сырын меңгерді. Әртістердің еңбектеріне берілген ең құнды марапат осы шығар, – деді ол.

28 маусымда Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы сахнасында, яғни «Өнер орталығы» концерт залында көрермендер елордалық өнерпаздарға орындарынан тұрып қошемет көрсетті. 1200 орындық жайлы залда ине шаншар жер қалмады, «Астана Опера» опера труппасының солистері Әсем Сембина, Малика Минизини, Алтынбек Әбілдә және басқа да вокалистер мен аспапшылар өнер көрсеткен балаларға арналған күндізгі шарада да, кешкі спектакльде де аншлаг болды.

Әдемілігімен таңғалдыратын «Жібек саты» операсының басты партияларында жұлдызды құрам шықты: Джулия мен Дорвильді театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова мен Astana Opera Халықаралық опера академиясының шәкірті Әлихан Зейнолла орындады. Танымал опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов Джерманоның бейнесін шебер сомдады, тенор Рамзат Балакишиев Дормонт партиясында өнер көрсетті, ал Евгений Чайников пен Салтанат Мұратбекова өз кейіпкерлері Бланзак пен Лючиллада жаңа, қызықты бояулар тапты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен өнер көрсеткен «Астана Опера» Камералық оркестрінің жанды үні, италиялық сценограф Манана Гунианың декорациялары мен Алла Симонишвилидің жұртшылықтың назарын өзіне аудартып алатын режиссурасы Россини заманының шынайы тынысын жеткізді.

– Зор әсерге бөлендік, керемет орындау болды, дауыстары, актерлік ойындары тамаша, – деп атап өтті Ақтөбе ферроқорытпа зауытының металлургтері.

Спектакльден кейін ақтөбеліктер залдан шығып, ««Астана Опера» әртістері біз үшін классикалық өнер әлемін ашты» деп айтып жатты. Олар театр труппасымен қоштасқылары келмеді, өз кезегінде орындаушылар тағы келуге уәде берді! 

Published in Жаңалықтар