Мазмұнға өту

Еліміз Жаңа Қазақстанның болашағы үшін дауыс берді

Бүгін еліміздің алдағы өміріне әсер ететін маңызды оқиға орын алды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу туралы ұсынысын қазақстандықтар қызу қолдады.

Осы орайда «Астана Операның» мемлекетімізде болып жатқан мәдени-әлеуметтік, экономикалық әрі саяси оқиғалардан қалыс қалмайтынын ерекше атап өткім келеді.

Театр қабырғасында дауыс беру учаскесі ұйымдастырылып, сондай-ақ осы күні Үлкен зал сахнасында Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» батырлық операсын ұсынудың өзіндік мәні бар. Театр ұжымы өзінің азаматтық борышын қашанда адал атқарады, себебі Қазақстанның гүлденуі және мәдени құндылықтардың сақталуы әрбіреуіміз үшін маңызды, неге десеңіздер, мәдениет – ұлттың ерекшелігі мен арқауы.

Театрдың бүкіл ұжымы мемлекет тарапынан қабылданатын реформаларды іске асыруға белсенді қатысады. Айта кету керек, осы күндері балет труппасының әртістері халқымыздың рухани орталығы – Түркістан мен Шымкентте гастрольмен өнер көрсетіп жатса да, олардың референдумда өз дауыстарын беруге мүмкіндіктері болды. Референдум барысында азаматтарымыздың ауызбіршілігі, ел тағдырына алаңдайтыны анық байқалды.

Мемлекеттің жаңа, әділетті Қазақстан құруға қадамын басты құжат – Ата Заңды қайта қараудан бастағаны көңілге қуаныш ұялатады. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін өмірімізде түбегейлі өзгерістер орын алатыны анық. Барлық реформаларды табысты жүзеге асыру Қазақстанға өзінің саяси, экономикалық және мәдени ұстанымдарын әлемдік кеңістікте нығайтуға жағдай жасайтынына сенімдімін.

Ғалым АХМЕДЬЯРОВ,

«Астана Опера» театрының директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 

Published in Жаңалықтар